ҚАЛЫҢДЫҚҚА ҚАНДАЙ ЕР АЗАМАТ АБЗАЛЫРАҚ?
Діннен хабары бар, байсалды әрі дінді таза ұстанатын, сенімі берік және оны іс жүзінде амалға асыратын, жомарт, жағдайы жақсы, асырауға шамасы келетін, күшті, көрікті, жас, тақуа, сондай-ақ әйелімен жақсы қарым-қатынаста бола алатын, алған әйелін ұнатса сыйлайтын, ал ұнатпаса қорламайтын және зұлымдық жасамайтын адам ғана күйеу болуға әбден лайық. Оған мына хадистерді келтіруге болады:
1. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алланың елшісі: «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңе ұнайтын бір кісі келсе, онда үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер). Олай істемесеңдер жер бетінде бүлік және ірі арсыздық болады», - дейді.1
2. Әбу Хатим әл-Музани жеткізген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңді қанағаттандырған бір кісі келсе, оны үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер). Олай істемесеңдер жер бетінде бүлік және үлкен арсыздық (басқа риуаятында «ірі арсыздық») болады»,- дейді. (Сахабалар): «Егер онда (кейбір кемшіліктер) болса ше?» -дегенде, Алланың елшісі (с.ғ.с.) үш қайтара: «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңді қанағаттандырған бір кісі келсе оны үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер)» - деп айтқан.2
3. Әбу Бәкір қызы Асма: «Неке құлдықтың бір түрі. Сол үшін әркім өзінің кімге құл болайын деп жатқанына қарасын», - дейді.3
4. Ибн Омар (р.а.) және Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Егер бір қауымның құрметті әйелі саған тұрмысқа шықса, оны құрметтей біл», - деп айтқанын риуаят етеді.4
1 Әл-Мустадрак ғала ас-Сахихйни, 2-том, 179-бет. Әл-Хаким: «Бұл хадистің иснады дұрыс, бірақ әл-Бұхари мен Муслим риуаят етпеген»деген.
2 Сунан әл-Бәйһәқи әл-Кубра, 7-том, 82-бет.
3 Сунан әл-Бәйһәқи әл-Кубра, 7-том, 82-бет.
4 Кашф әл-Хафа, 1-том,78-бет.
Мұхитдин Исаұлы
Сілтеме"muftyat.kz"-сайтынан
ЖасСақ тобы